Талғардағы «Заң мен тәртіп» жобасы нәтиже берді: буллинг азайып, бастама елге таралады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Талғардағы «Заң мен тәртіп» жобасы нәтиже берді: буллинг азайып, бастама елге таралады

Алматы облысының Талғар ауданында іске қосылған «Заң мен тәртіп» пилоттық жобасы алғашқы нәтижесін көрсетті. Мектептер мен колледждерде жүргізілген аралық мониторинг білім алушылар арасындағы буллинг, кибербуллинг және өзге де құқық бұзушылық белгілерінің төмендегенін аңғартты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Жоба аясында әсіресе 7-8 сынып оқушылары арасындағы ахуал жақсарған. Ресми дерекке сүйенсек, осы жас тобында буллинг, кибербуллинг және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлері 18 пайызға азайған. Сонымен бірге психологиялық жағдайы тұрақты жасөспірімдер саны көбейіп, тәуекел деңгейі төмен оқушылардың үлесі 31,9 пайызға артқан.

Оң өзгеріс тек орта буынмен шектелмеген. 9-10 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында да тәуекел факторлары азайып, мінез-құлыққа жауапкершілікпен қарау үрдісі күшейген. Жасөспірімдер өз іс-әрекетінің құқықтық салдарын бұрынғыдан тереңірек түсіне бастағаны айтылып отыр.

Мамандар ерекше бақылауды қажет ететін балалар санының да азайғанын атап өтті. Мәселен, 7-8 сыныптар арасында осындай топқа кіретін жасөспірімдер саны 30 пайыздан астам қысқарған. Бұл профилактикалық жұмыстың нақты нәтиже бергенін көрсетеді.

Қазір бастама Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде жүзеге асып жатыр. Жоба шамамен 9 мың оқушы мен студентті қамтыған. Бағдарламаның ерекшелігі — құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар тәлімгерлердің екі апта сайын келіп, түсіндіру және алдын алу сабақтарын өткізуінде.

Министрлік енді осы тәжірибені республика көлемінде кеңейтуді көздеп отыр. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында бұл жоба құқық бұзушылықтың алдын алуға, зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірыңғай жүйенің бір бөлігіне айналмақ.