Қазақстанда Digital Nauryz: ел бойынша AI-ды үйрететін ашық шаралар өтеді

Бүгін, 17:42 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: t.me/ortcom_kz

Қазақстанда Наурызнама онкүндігі аясында жасанды интеллектке арналған ауқымды ашық оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. 17-18 наурыз күндері өтетін бұл бастама тұрғындарды заманауи цифрлық құралдармен таныстырып, AI мүмкіндіктерін күнделікті өмірде қолдану жолдарын түсіндіруге бағытталған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Министрлік мәліметінше, шаралар Қазақстанның барлық өңірінде өтеді. Оқыту кездесулері халық көп жиналатын қалалық алаңдарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, IT-хабтарда, сондай-ақ креативті кеңістіктерде ұйымдастырылады. Мұндай формат цифрлық тақырыпты жұртқа барынша жақындатып, күрделі көрінетін жасанды интеллект ұғымын қарапайым тілмен түсіндіруге мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында тұрғындарға жасанды интеллектіні тек теория жүзінде емес, нақты өмірде қалай пайдалануға болатыны көрсетіледі. Атап айтқанда, AI-ды оқу процесінде, жұмыста, күнделікті тапсырмаларды жеңілдетуде, контент дайындауда және мемлекеттік қызметтерді алуда қолдану тәсілдері таныстырылады.

Кейбір өңірлерде қатысушыларға AlemGPT платформасының да мүмкіндіктері ұсынылады. Бұл — Қазақстандағы жасанды интеллектінің ұлттық платформасы. Оны таныстыру арқылы ұйымдастырушылар отандық цифрлық шешімдердің әлеуетін де кең аудиторияға көрсетуді көздеп отыр.

Мамандардың айтуынша, мұндай ашық кездесулер елдегі цифрлық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қоғамда жасанды интеллектіні дұрыс әрі тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Digital Nauryz аясындағы бұл бастама Қазақстанда AI технологияларын көпшілікке қолжетімді етудің маңызды қадамдарының бірі ретінде бағалануда.

Тэгтер:

Қазақстан жасанды интеллект Digital Nauryz AlemGPT цифрлық сауаттылық