Наурыз ҰБТ-сының алғашқы қорытындысы шықты: 67 мыңнан астам талапкер тест тапсырды
2026 жылғы 2 наурызда басталған ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы екі аптасы бойынша аралық нәтиже жарияланды. Осы уақыт ішінде 67 мыңнан астам талапкер сынақтан өтіп, олардың басым бөлігі қазақ тілін таңдаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрлік мәліметінше, тест тапсырушылардың 66,99 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 32,88 пайызы орыс тілінде тапсырған. Ал ағылшын тілінде емтихан тапсырғандар саны 85 адам болған.
Екі аптаның қорытындысында талапкерлердің 61 пайызы шекті балл жинай алған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 59 балды құрады. Әзірге тіркелген ең жоғары нәтиже – 136 балл.
Биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де қолайлы жағдай қарастырылған. Соның нәтижесінде ҰБТ-ға 192 талапкер қатысқан.
Тестілеу аяқталған соң талапкерлерге апелляция беру мүмкіндігі сақталады. Тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты шағым 30 минут ішінде қабылданады, ал техникалық ақаулар бойынша өтініш тест барысында бірден тіркеледі. Сертификаттар апелляция толық қаралғаннан кейін жеке кабинетте қолжетімді болады.
Алғашқы екі аптада ҰБТ ережесін бұзудың 117 дерегі анықталған. Соның ішінде 69 талапкер смартфон, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеген. Тағы 48 адам аудитория ішінде тәртіп бұзғаны үшін шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Министрлік мәліметіне қарағанда, өзгенің орнына кіру фактісі әзірге тіркелмеген.
Сонымен қатар 2026 жылғы ҰБТ толық аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жасалады. Егер кейіннен тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережені бұзу фактілері анықталса, тест нәтижелері жойылады.
Қазіргі таңда тестілеуге қатысу үшін 184 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл биылғы науқанға қызығушылық жоғары екенін көрсетеді.