Тоқаев пен Герцог телефон арқылы жаңа Конституция мен екіжақты серіктестікті талқылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен телефон арқылы сөйлесіп, тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара байланыстың бүгінгі ахуалы мен алдағы бағытын сөз етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Әңгіме барысында Ицхак Герцог Мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады. Израиль Президенті бұл саяси қадам Қазақстанның алдағы дамуына серпін береді деген пікірін жеткізді.
Телефонмен сөйлесу кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі мен оны одан әрі тереңдету жолдары да қаралды. Әсіресе сауда-экономикалық байланыстарды күшейту, инвестициялық ықпалдастықты кеңейту және өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелеріне басымдық берілді.
Сондай-ақ Ицхак Герцог Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұзақ мерзімді экономикалық жоспарларды табысты іске асыру үшін тұрақтылық пен бейбітшілік қажет деген ұстанымын қолдайтынын айтты. Өз кезегінде Қазақстан Президенті халықаралық даулар мен күрделі түйткілдерді саяси жолмен шешу қажет екенін атап өтті.
Израиль тарапы Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешіміне де оң баға берді. Герцогтің айтуынша, бұл бастама Таяу Шығыста бейбітшілікке ұмтылған стратегиялық көзқарастың нақты көрінісі саналады.