Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдары ЮНЕСКО мен ИСЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және халықаралық деңгейде насихаттауға арналған кешенді жоспарды қабылдады. Құжатта тарихи ескерткіштерді қорғау, ұлттық рухани мұраны қолдау, мамандар даярлау және жаһандық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған нақты міндеттер қамтылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Жоспар аясында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, материалдық емес мәдени мұраны дамыту, сала мамандарын даярлау және Қазақстанның халықаралық мәдени бастамаларға қатысуын кеңейту секілді басым бағыттар қамтылған.
Бекітілген жоспардың басты міндеттерінің бірі – дүниежүзілік мұра нысандарын сақтау сапасын күшейту. Сонымен бірге Қазақстанның мәдени құндылықтарын әлемдік деңгейде таныту, сараптамалық және білім беру әлеуетін арттыру, мәдени мұраны қорғау ісіне қоғамды кеңінен тарту көзделіп отыр.
Кешенді жоспар үш ірі бағыттан тұрады. Олар – материалдық мәдени мұра нысандарын сақтау және кеңінен насихаттау, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын қолдау мен дамыту, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясындағы жұмысты ілгерілету.
Ескерткіштерді қорғау бөлігінде халықаралық маңызы бар нысандардың ахуалына тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылған. Бұдан бөлек, Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарын басқаруға арналған әдістемелік құрал әзірлеу және мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізімін кеңейту жоспарланған. Бұл қадамдар елдегі бірегей нысандарды халықаралық деңгейде тереңірек танытуға жол ашпақ.
Жоспарда халықаралық серіктестікті нығайтуға да айрықша мән берілген. Соның бірі – «Жібек жолы: Каспий – Еділ дәлізі» номинациясын әзірлеуге қатысты ведомствоаралық және сарапшылық консультациялар өткізу.
Сондай-ақ «Алпамыс батыр» көпұлтты номинациясын ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу бағытындағы жұмыс жалғаса береді. Бұл істе Қазақстан Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанмен бірлесіп әрекет етпек.
Тағы бір маңызды қадам – Қазақстанның мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру мәселелерін зерттейтін халықаралық ИККРОМ орталығына кіруіне дайындық жасау. Бұл бастама кәсіби байланысты кеңейтіп қана қоймай, мұра нысандарын қалпына келтіруде заманауи әдістерді енгізуге мүмкіндік береді.
Жоспарда кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жыл сайын ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенциясы аясында кемінде 30 сарапшы арнайы оқытудан өтеді. Сонымен қатар халықаралық білім беру корпорациясының бакалавриат және магистратура бағдарламалары арқылы ескерткіштерді сақтау бойынша тұжырымдамалық және эскиздік жобалар әзірлеу көзделген.
Қауіп төніп тұрған материалдық емес мәдени мұра элементтеріне де ерекше көңіл бөлінеді. Олардың қатарында қазақтың киіз үйін жасау және безендіру дәстүрі, қазақ кілем тоқу өнері, сондай-ақ еліміздің кей өңірлерінде сақталған терме эпикалық жанры бар.
Жалпы алғанда, бұл жоспар мәдени мұраны қорғау тетіктерін күшейтуге, саладағы маман тапшылығын азайтуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, жергілікті қауымдастықтардың қатысуын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге серпін береді.