Үкіметте инновацияны дамыту күн тәртібіне шықты: жаңа Конституция талаптары күшейтілді
Фото: Үкімет

Үкіметте инновацияны дамыту күн тәртібіне шықты: жаңа Конституция талаптары күшейтілді

Қазақстанда ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияның басты басымдықтарының біріне айналды. Үкімет отырысында осы бағыттағы нақты шаралар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиында инновацияны экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру мәселесі көтерілді. Жиында Жаслан Мәдиев, Саясат Нұрбек және Ерсайын Нағаспаев саланы дамыту бойынша есеп берді.

Үкімет басшысы ғылым мен инновация елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістегі табыс пен экономикалық өсім ең алдымен инновация қарқынына байланысты.

Соңғы алты жылда ғылымға бөлінетін бюджет көлемі алты есеге артқан. Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту үшін салықтық жеңілдіктер күшейтіліп, ғылыми әзірлемелерге жұмсалған шығындардың 300%-ына дейін жеңілдік қарастырылған.

Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушыларға шығындарының 1%-ын ғылым мен технологияларға бағыттау міндеті енгізілді. Венчурлік қаржыландыру кеңейтіліп, ғылыми жобаларды коммерцияландыруға арналған жаңа құралдар іске қосылып жатыр.

Аймақтарда ғылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Енді өңірлердің даму жоспарына ғылыми көрсеткіштер енгізіліп, әкімдердің жұмысы да осы арқылы бағалануы мүмкін.

Жаңа бастамалардың қатарында Курчатовтағы ғылыми қала, Алматыдағы Ядролық физика институты және Астанадағы «Назарбаев университеті» базасындағы технопарктер бар. Бұл жобалар технологиялық серпіліс жасауға бағытталған.

Сонымен қатар Үкімет инновациялық жүйедегі бірқатар проблемаларды да ашық айтты. Атап айтқанда, салада бірыңғай үйлестірудің жоқтығы, өңірлердің әлсіз белсенділігі және түрлі ұйымдардың өз бетінше әрекет етуі тиімділікке кері әсерін тигізіп отыр.

Осыған байланысты Үкімет жанынан арнайы инновациялық штаб құру тапсырылды. Ол идеядан бастап дайын өнімге дейінгі бүкіл процесті бақылап, барлық қатысушыларды біріктіруі тиіс.

Алдағы нақты міндеттер де айқындалды:
– 2029 жылға қарай ғылым мен инновацияға бөлінетін қаржыны өңірлік өнімнің 1%-ына жеткізу;
– 2035 жылға дейін инновациялық өнім үлесін ЖІӨ-нің 3%-ына дейін арттыру;
– 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларға арналған «бірыңғай терезе» цифрлық платформасын іске қосу.

Премьер-министрдің айтуынша, ендігі басты мақсат – қағаз жүзіндегі жоспар емес, нақты нәтиже. Яғни ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, инновацияны экономиканың нақты драйверіне айналдыру қажет.