Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өсті. Үкімет деңгейінде бұл бағыттағы жобалардың орындалуы мен қаржыландырылуы қатаң бақылауға алынған. Биыл салаға бөлінген қаржы триллион теңгеден асып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба» аясындағы жұмыстарды талқылап, нақты тапсырмалар берді. 2026 жылға арналған инвестицияның жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткен. Оның 634 млрд теңгесі ұлттық жоба арқылы бөлінсе, тағы 542 млрд теңге қолданыстағы тарифтік бағдарламалар есебінен қарастырылған.
Қазір арнайы электронды платформа арқылы жалпы құны 482 млрд теңге болатын 206 жоба қаралуда. Соның 168-і іске асыру кезеңіне өткен.
Дегенмен барлық өңір бірдей қарқын көрсете алмай отыр. Жылу, электр, су және кәріз жүйелері бойынша бірнеше облыс жоспардан кешігіп жатыр. Атап айтқанда, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірқатар жобалар бекітілген кестеден қалып қойған.
Сонымен қатар, келесі жылға өтінім беру барысында өңірлердің белсенділігі төмен екені де айтылды. Үкімет бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр.
Вице-премьердің айтуынша, 2027 жылға дейін әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы «қызыл аймақты» толық жоюы тиіс. Осыған байланысты сәуір айының соңына дейін барлық жобалар бойынша өтінімдерді толық енгізу тапсырылды. Талап орындалмаған жағдайда жауапты тұлғаларға жеке жауапкершілік жүктеледі.
Қаржыландыру мәселесінде де нақты ілгерілеу бар. «Бәйтерек» холдингі 1500-ден астам өтінімді қарап, 520,6 млрд теңгеге бағаланған 231 жобаны мақұлдаған. Қаржы Қазақстанның Даму Банкі және екінші деңгейлі банктер арқылы бөлінеді.
Қазірдің өзінде 231 жобаның 37-сі толық дайын, яғни жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.
Жиында цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта коммуналдық салада деректерді жинау, өңдеу және талдаудың көпдеңгейлі жүйесі құрылмақ. Бұл жүйе «EnergyTech», «WaterTech» платформаларымен біріктіріліп, «Smart Turmys» жүйесімен үйлестіріледі.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай кешенді шаралар инфрақұрылымның тозуын азайтып, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.