Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады

4 сәуір, 2026 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдап, білім беру саласының 2025 жылғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Кездесу барысында министр жаңа Конституция құндылықтарын білім жүйесіне енгізу мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұны жаңартылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленіп, мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізілуде.

Бастауыш білім беру мазмұнына жүргізілген талдау нәтижесінде оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық беріліп, мектеп бағдарламалары қайта қаралып жатқаны айтылды.

Министрдің мәліметінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ білім беру нысандарының инфрақұрылымын дамыту бағытында 184 нысан іске қосылып, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі біртіндеп шешімін тапқан.

Саланы цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы мыңдаған білім беру ұйымына енгізіліп, құжаттар толықтай цифрлық форматқа көшірілген. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жүздеген мың мұғалім жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша қайта даярлықтан өтуде.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, оны баршаға қолжетімді ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ білім беру саласын цифрлық трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп Цифрландыру білім беру Жұлдыз Сүлейменова