Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады

4 сәуір, 2026 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Ақорда

Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық белсенділік және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кең көлемде мәлімет ұсынылды. Облыста бірқатар негізгі салаларда өсім байқалып, жаңа жұмыс орындарын ашу мен инфрақұрылымды жаңғырту шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, 2025 жылдың қорытындысында өңір экономикасы тұрақты өсім көрсеткен. Атап айтқанда, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында оң динамика қалыптасқан. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 838 миллиард теңгеден асып, инвестициялық қоржында 101 жоба жинақталған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 460 миллиард теңгеге жуықтаған. Ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім 550 миллиард теңгеден асса, сауда айналымы 2,4 триллион теңгеден жоғары көрсеткішке жеткен. Сонымен қатар, 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Өңірдегі еңбек нарығында да тұрақтылық сақталған. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында қалыптасып, 29 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында биыл 17 440 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бірінші тоқсанда 3 317 адам жұмысқа орналасқан.

Әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып келеді. Бұл халықтың табысы мен тұрмыс деңгейінің біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Өңірде ауылдарды дамыту және көші-қонды ынталандыру бағытында арнайы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның ішінде «Шығыс шақырады» жобасы арқылы қоныстанушыларға қолдау көрсетіліп жатыр.

Инфрақұрылымды жаңғырту да негізгі басымдықтардың бірі. Былтыр облыста жалпы ұзындығы 856 шақырым болатын жолдар мен көшелер жөнделіп, пайдалануға берілген.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және туризмді дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Тэгтер:

Тоқаев Экономика инвестиция ШҚО Нұрымбет Сақтағанов