Ақын Зуқай Шәрбақынұлы өмірден өтті

Бүгін, 13:20 / Ерлан Айқынұлы
Ақын, қоғам қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зуқай Шәрбақынұлы

Қазақ руханияты тағы бір қабырғалы қаламгерінен айырылды. Ақын, қоғам қайраткері Зуқай Шәрбақынұлының дүниеден өткені туралы қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы мәлімдеді.

Зуқай Шәрбақынұлы 1940 жылы Моңғолияда дүниеге келген. Моңғол педагогикалық институты мен Партия жоғары мектебін тәмамдаған.

Ол Моңғолияның батысындағы қазақ диаспорасы шоғырланған Баян-Өлгий аймағында спорт және әкімшілік салаларында жауапты қызметтер атқарды.

Әдебиетке 1960 жылдары келіп, өлең, дастан, толғау, поэма, тарихи хикаялар мен ғұмырнамалық шығармалар жазды. 1970-1990 жылдары Моңғолияда «Көкпар», «Ақ жаңбыр», «Сыр маржандары», «Көңілдің көкжиегі», «Жайлау сазы» секілді жыр жинақтары жарық көрді.

1975 жылдан Моңғолия Жазушылар одағының, 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.

1992 жылы тарихи Отанына оралған соң да түрлі қызметтерде еңбек етті. Атап айтқанда, совхоз директорының орынбасары және Ақмола облыстық көші-қон басқармасында аға маман болды.

Қазақстанда оның «Киелі қанның тамшысы», «Нар тұлға», «Бедерлі ғұмыр», «Қияда түлеген қыран», «Қойтасты қойнауы жасырған сыр» сияқты прозалық еңбектері, сондай-ақ «Айбыным – Атамекенім», «Аспан асты – кең мекен», «Тылсым тірлік тағылымы», «Өмірдің өң бедері», «Қарт жүректің алауы» сынды кітаптары жарық көрді.

20-дан астам кітаптың авторы ел көлемінде өткен көптеген жыр мүшәйраларының жүлдегері атанды.

Тэгтер:

ақын Зуқай Шәрбақынұлы Моңғолия қазағы Қазақстан Жазушылар одағы