Тарбағатайдағы Бозша ауылы «Ішімдіксіз ауыл» қатарына қосылды
Шығыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын насихаттап, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы аясында тағы бір елді мекен алкоголь өнімдерін сатудан толық бас тартты. Бұл жолы игі қадамды Тарбағатай ауданына қарасты Бозша ауылы қолдап отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Маңырақ ауылдық округінің құрамындағы Бозша ауылы өңірдегі «ішімдіксіз ауылдардың» қатарын толықтырған 26-шы елді мекен болды. Ауыл тұрғындарының бұл шешімі бір күнде қабылданбаған. Бастаманы алғаш болып жергілікті жастар көтеріп, оны ауыл ақсақалдары мен үлкендеріне ұсынған. Кейін ұсынысқа тұрғындар түгелдей қолдау білдірген.
Қазір Бозша ауылында 60-қа жуық үй бар, онда 154 адам тұрады. Бұл ауыл белсенді жастарымен, спортқа жақын ортасымен және қоғамдық өмірге бейжай қарамайтын тұрғындарымен ерекшеленеді. Мұнда түрлі спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып, салауатты өмір салты күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналған.
Сала мамандарының мәліметінше, алкоголь сатылмайтын ауылдарда құқық бұзушылық азая бастаған. Әсіресе мас күйде жасалатын қылмыстар, отбасылық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық деректері сирегені байқалады.
Өткен жылы облыста мұндай ауылдардың саны 21 болса, биыл бұл көрсеткіш 26-ға жетіп отыр. Яғни, бастама біртіндеп кеңейіп, өңірдегі елді мекендер арасында қолдау таба бастаған.
Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық кеңестердің және полиция қызметінің бірлескен қолдауымен іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта да «Ішімдіксіз ауыл» қозғалысын жалғастыру көзделуде.