Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы отбасы құру мәселесіне қатысты ойын бөлісіп, ұлдарының өзіне айтқан күтпеген сөзін еске алды. Ол жалғыздықтың кей сәттерде ауыр тиетінін жасырмай, өміріндегі маңызды шешімдер туралы ашық әңгімеледі.
Ләйлә Сұлтанқызы «Қазақстан» арнасындағы «1001 түн» бағдарламасына қатысып, жеке өмірі мен болашаққа қатысты көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Sn.kz сайтына сілтеме бере отырып.
Журналистің айтуынша, бұл тақырып алғаш рет қозғалып отырған жоқ. Алайда бір жыл бұрын дастарқан басында ұлдарының айтқан сөзі оған ерекше әсер қалдырған.
«Бір жыл бұрын екі ұлым: “Анашым, ертең біз өз жолымызбен кетеміз. Сіз жалғыз қаласыз. Біз үшін уайымдамаңыз. Егер өміріңізде өзгеріс болса, біз қарсы емеспіз” деді. Сол кезде қатты таңғалдым. Ұлдар әдетте ондай сөзді айта бермейді ғой. Жүрегіме ауыр тиді», – деді ол.
Тележүргізуші қазіргі өмірінде жалғыздықтың кей сәттерде сезілетінін де жасырмады. Әсіресе маңызды шешімдер қабылдайтын кезде бұл күй ерекше байқалатынын айтты.
«Біреуді іздеп жүрмін немесе қатты қиналып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ кейбір сәттерде жалғыздық білінеді. Мысалы, кіші ұлым Америкаға кеткісі келеді. Сондай кезде әкесінің “тоқта” дейтін сөзі жетпей тұрады. Ал мен ана ретінде бәрін жұмсартып жеткізуге тырысамын. Осындайда көңілім түсіп кетеді», – деп ағынан жарылды.
Желіде тараған бұл сұхбатқа қатысты көпшілік түрлі пікір білдіруде. Бірі оны өмірлік шынайы ой деп қабылдаса, енді бірі тележүргізушінің тұрмыс құруы мүмкін екенін болжауда.