Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Жаңа жоба аясында жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын 103 ирригациялық канал автоматтандырылып, 65 мың гектар егістік алқапты тиімді суаруға мүмкіндік жасалмақ, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
ҚР Су ресурстары және ирригация миинистрлігінің мәліметінше, бұл тек бастамасы ғана. Бұған дейін қайта жаңғыртудан өткен ұзындығы 1184 шақырымды құрайтын 270 канал да кезең-кезеңімен автоматтандыру жүйесіне көшіріліп жатыр. Яғни, ескі жүйелер жаңартылып қана қоймай, толық цифрлық басқаруға бейімделуде.
Сонымен қатар, ел бойынша 264 ирригациялық нысанды қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жобаларда су есептеу құралдарын енгізу мен автоматтандыру элементтерін орнату басты назарда.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, қазіргі мақсат – су қорларын басқарудың заманауи әрі көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыру. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы мен экономиканың басқа да салаларының тұрақты дамуына жол ашып, елдің су қауіпсіздігін нығайтады.
Бүгінде ұлттық су ақпараттық жүйесі 22 мыңнан астам су нысанын қамтып отыр. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық құрылымдардың басым бөлігі бар. Жыл соңына дейін тағы 6 мыңнан астам канал цифрландырылып, барлық гидротехникалық нысандар толық қамтылмақ.
Саладағы тағы бір маңызды қадам – бірыңғай су балансын қалыптастыру. Бұл жүйе әр өңірдегі су ағынын, су қоймаларындағы қор көлемін және тұтыну деңгейін нақты салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін арттыру үшін ғарыштық мониторинг пен гидробекеттердің деректері біріктіріліп жатыр.