Экономиканы ырықтандыру: Үкімет монополияларды шектеу бойынша жаңа міндеттерді талқылады

Бүгін, 16:14 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында нарықтағы бәсекелестікті күшейту, цифрлық және дәстүрлі салалардағы кедергілерді жою, сондай-ақ түрлі секторларда реттеуді жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Отырыс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған экономиканы ырықтандыру міндеттерінің орындалу барысы талқыланды. Атап айтқанда, тауар және цифрлық нарықтардағы әкімшілік тосқауылдарды азайту, денсаулық сақтау, байланыс, энергетика және табиғи монополиялар салаларын жаңғырту бағыттары назарға алынды.

Маңызды бастамалардың бірі – дәрілік заттарды тіркеу мерзімін бірнеше жылдардан 100 жұмыс күніне дейін қысқарту. Бұл үшін Денсаулық сақтау министрлігі «бір терезе» қағидаты бойынша жаңа қызметті енгізуде. Сонымен қатар медициналық өнімдерді сатып алу жүйесін толық цифрландыру және халықтың инновациялық емге қолжетімділігін арттыру мәселелері қозғалды.

Цифрлық салада мобильді құрылғыларды верификациялау және деректер базасын жетілдіру жұмыстары да күн тәртібіне шықты. Бұл бағытта цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Сондай-ақ электрондық құжат айналымы жүйесінде бәсекелестікті арттыру шаралары қарастырылды.

Энергетика секторында электр энергиясын бірыңғай сатып алушы тетігінің тиімділігі, инвестиция тарту және тарифтік саясатты теңестіру мәселелері талқыланды. Теміржол инфрақұрылымындағы проблемалар, соның ішінде кіреберіс жолдарға қатысты түйткілдер де назардан тыс қалмады.

Жиын қорытындысында Үкімет бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік тізілімін жаңартуға міндеттелді. Ұлттық экономика министрлігі баға мен тариф қалыптастырудағы шектеулерді қайта қарауды, жекешелендіру нысандарының тартымдылығын арттыруды қолға алады. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек жүйесін цифрландыруды жеделдетеді. Ал цифрлық даму министрлігі мобильді құрылғыларды тіркеу рәсімдерін заң жүзінде бекітуі тиіс.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры сатып алу жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, бәсекелестікті күшейтуге бағытталған шараларды іске асыратын болды.

Тэгтер:

Экономика Цифрландыру монополия Бектенов бәсекелестік