Жанат Элиманов Тоқаевқа бюджет қаржысы, медицина қоры мен криптоалаяқтыққа қатысты деректерді баяндады
Фото: Ақорда

Жанат Элиманов Тоқаевқа бюджет қаржысы, медицина қоры мен криптоалаяқтыққа қатысты деректерді баяндады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомствоның атқарған жұмысы мен алдағы міндеттерін тыңдады. Кездесуде бюджет қаражатын игеру, субсидиялардың тиімділігі, қаржы пирамидалары, фишинг, заңсыз криптоайырбастау және көлеңкелі қаржы айналымына қарсы күрес мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Жиында айтылған мәліметке сүйенсек, бюджет шығыстарына жүргізілген мониторинг барысында мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияның тиімсіз жұмсалу қаупі анықталған. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиард теңгеден астам қаражаттың мақсатсыз пайдаланылу белгілері белгілі болған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржыға қатысты да бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген. Аталған бағыт бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденуге әрекеттенгендерге қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.

Президентке қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтықтарының жолын кесу жөніндегі жұмыстар да баяндалды. Агенттік 17 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан. Бұдан бөлек, банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS таратқан топтың әшкереленгені айтылды. Жалпы саны 3,7 мың алаяқтық сайт пен 22 топтық чат жабылған. Олардың аудиториясы 25 мыңнан асқан.

Сондай-ақ 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз түрде бірінші санаттағы лицензия алу әрекетіне тосқауыл қойылған. Бұл нарықтағы бақылауды күшейту және азаматтарды алдаудың алдын алу бағытындағы шаралардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Кездесу барысында қылмыстық табысты жылыстатуға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталған. Заңсыз схемаларда пайдаланылған дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол карталардағы қаржы айналымы 13 миллиард теңгеден асып кеткен. Сонымен қатар «көлеңкедегі» адамдардың атына рәсімделген 68 мыңнан астам банк картасы бұғатталған.

Жалған компаниялар мен құжаттарды қолдану фактілері бойынша 23 іс тіркелген. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын шамамен 13 миллиард теңгені құрайды. Бұдан бөлек, қаржы пирамидалары, онлайн-казино және интернет алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастырумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілген. Заңсыз криптовалюта айырбастауға қолжеткізуді қамтамасыз еткен 483 сілтеме де жойылған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар бергені хабарланды.