Тоқаев Таяу Шығыстағы бітім келісімін құптады

Бүгін, 11:16 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтатып, бітімге келу туралы келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оң бағасын берді. Мемлекет басшысы бұл уағдаластықтың ұзақ мерзімді сипат алып, жаһандық сауда мен елдер экономикасының тұрақтылығына оң әсер етеді деп үміттенеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қақтығысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімді құптайды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл келісімге қол жеткізуге Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир араағайындық жасаған.

Сондай-ақ хабарламада аталған келісім АҚШ Президенті Дональд Трамптың, Иранның жоғары басшылығының және әскери қақтығысқа тартылған елдердің ізгі ниеті мен саяси парасатының арқасында мүмкін болғаны айтылған.

Мемлекет басшысы қол жеткізілген бітімгершілік келісімі ұзақ уақытқа созылып, әлемдік сауданың дамуына және мемлекеттердің экономикалық өркендеуіне жол ашады деген сенім білдірді.

Тэгтер:

Тоқаев Таяу Шығыс Айбек Смадияров Шахбаз Шариф бітім келісімі