Испанияда алғаш рет футбол матчындағы нәсілшіл әрі гомофобиялық қорлау үшін нақты қылмыстық жаза тағайындалды. "Реал Мадрид" шабуылшысы Винисиус Жуниорды балағаттаған "Реал Вальядолид" фанаттары сот үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
2022 жылдың желтоқсанында өткен "Реал Мадрид" – "Вальядолид" ойынында бірнеше жанкүйер бразилиялық футболшыға "маймыл" және "педик" деп тіл тигізіп, алаңдағы нәсілшілдік пен жыныстық бағдарға қатысты өшпенділіктің айқын көрінісін көрсеткен болатын. Бұл оқиға халықаралық деңгейде кең талқыланып, спорт қауымдастығы тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Сот шешімі бойынша, кінәлі фанаттар 1 жыл мерзімге бас бостандығынан, 3 жыл бойы футбол стадиондарына бару құқығынан айырылды.
Бұл Испания футболындағы нәсілшілдікке қатысты алғашқы нақты үкім ретінде тарихта қалмақ.
Осы жағдайдан кейін Винисиус Жуниор әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасап, Испаниядағы кемсітушілікке қарсы күрес күшейтілуі қажет екенін айтты. Ол футбол — теңдік пен адам құқықтарын құрметтейтін орта болуы тиіс деген пікірін білдірді.
ФИФА, УЕФА және Ла Лига бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, нәсілшілдік пен дискриминацияға қарсы нөлдік төзімділік саясатын жалғастырып отыр.