Тоқаев Корея президентінің арнаулы өкілін қабылдады: стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін

Бүгін, 14:49 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Кореяны Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, соңғы жылдары қалыптасқан өзара байланысқа жоғары баға берді. Сондай-ақ Астана екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді.

Президент корей халқына деген құрметін білдіріп, елдер арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Ол Кан Хун Шиктің сапарының маңыздылығына тоқталып, Корея басшысы Ли Чжэ Мёнге жылы лебізін жолдады.

Өз кезегінде арнаулы өкіл Қазақстандағы реформаларға қолдау білдіріп, референдумның сәтті өткеніне байланысты Корея Президентінің құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, Сеул тарапы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге және бірлескен инвестициялық жобаларды көбейтуге ерекше қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Кездесуде энергетика, көлік және логистика салаларындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері де қарастырылды. Тараптар жаһандық нарықтағы өзгерістер жағдайында өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.

Әңгіме соңында Кан Хун Шик Қазақстан Президентін Кореяға ресми сапармен келуге және биыл қыркүйекте Сеулде өтетін «Корея – Орталық Азия» саммитіне қатысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қабыл алып, алдағы келіссөздер екіжақты қатынастарға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Тэгтер:

Тоқаев Корея Кан Хун Шик Ли Чжэ Мён Қазақстан-Корея қатынастары