Тоқаев Моңғолия Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы бұл рәсімнің тарихи сапар аясында өтуі қазақ тарапы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Президент өз сөзінде Моңғолия көшбасшысын елін өркендетуге зор үлес қосып келе жатқан тәжірибелі саясаткер ретінде жоғары бағалады. Оның бастамасымен жүзеге асқан жобалар экономиканың дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттырғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенім мен өзара құрметке негізделгенін айтып, бүгінде қазақ-моңғол байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін жеткізді. Оның айтуынша, қол жеткізілген келісімдер алдағы уақытта бұл ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда екі елдің өзара ықпалдастығын күшейтудің маңызы зор екенін атап өтіп, Ухнаагийн Хурэлсухтың осы бағыттағы еңбегіне ерекше тоқталды. Осы еңбегі үшін оған «Алтын Қыран» орденін табыстау туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Моңғолия Президенті жоғары марапат үшін алғыс айтып, Қазақстанмен достық қатынасты одан әрі дамытуға күш салатынын жеткізді.