Атыраудағы төрт адам өлімі ісі: күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы туралы жаңа мәлімет шықты
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты тергеу ісі әлі де жалғасып жатыр. Соңғы уақытта бұл іске күдікті ретінде танылған Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулығына қатысты тың мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған қанды оқиға елді елең еткізген еді. Қараша айында із-түзсіз жоғалған қарт ерлі-зайыпты мен олардың ұл-қызының мәйіттері табылып, бұл іске күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев негізгі күдікті ретінде танылды. Кейіннен оның бейресми некедегі жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның да бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген нұсқа қарастырыла бастады.
Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев қылмысты алдын ала жоспарлап, жәбірленушілердің мүлкін иемденгеннен кейін шетелге қашып кеткен. Ал елге жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиева психологиялық жағдайына байланысты алдымен жергілікті медициналық мекемеге, кейін Алматыдағы арнайы орталыққа сараптамаға жіберілген.
Марқұмдардың туыстары күдікті әйелдің әрекетіне күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, Ақбаянның денсаулығы бұрыннан сыр берген. Жақындарының сөзіне қарағанда, ол кейде өз әрекетіне толық есеп бере алмайтын күйде болған. Тіпті ем қабылдап жатқан кезінде ата-анасын сағынып, кейбір жақындарын шатастырып, қайтыс болған ағасын сұраған жағдай да тіркелген.
Туыстарының бірі оның қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат алу қиын екенін айтады. Дәрігерлер тек жалпы жағдайын айтып, ем қабылдап жатқанын жеткізген. Сонымен қатар оның қан көрсеткіштері төмендеп, тіс ауруына байланысты шағымдары бар екені де белгілі болған.
Қазіргі таңда қайғылы оқиғадан кейін жетім қалған бес бала мемлекет қарауына алынған. Үлкендері арнайы бейімдеу орталығына орналастырылса, кішкентайлары сәбилер үйіне тапсырылған. Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева ресми түрде некеде болмаған.
Іс бойынша толық медициналық сараптама нәтижелері әлі жарияланған жоқ. Тергеу жалғасуда.