Кір жуғыш машинада үй жануары жуылып, қайғылы оқиға орын алды

Бүгін, 11:29 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Ашық дереккөзі

Семей қаласында тұрмыстық оқиға салдарынан үй жануарының өлімі тіркелді. Желіде тараған видеода кір жуғыш машинадан шығарылған мысықтың жансыз денесі көрсетілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел кір жуатын құрылғыға киімдерді салып, оны шамамен бір сағатқа қосқан. Белгілі болғандай, бұған дейін оның баласы мысықты байқатпай кір жуғыш машинаның ішіне салып кеткен.

Оқиға нәтижесінде жануар қаза тапқан. Аталған жағдайға байланысты әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан түрлі пікірлер туғызды. Кейбір қолданушылар жануарларға жауапкершілікпен қарау қажеттігін алға тартса, енді бірі мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тұрмыстық қауіпсіздікке ерекше мән беру керектігін атап өтті.

Тэгтер:

айыппұл мысық Семей кір жуғыш машина