Қазақстан мен Израиль әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты

Бүгін, 11:12 / Ерлан Айқынұлы
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда өтті. Тараптар саяси диалогты жалғастыру, сауда-экономикалық байланысты күшейту және жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері достық пен өзара сенімге негізделіп келе жатқанын атап өтті.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады. Израиль Мемлекеті Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 1993 жылы дипломатиялық өкілдіктерімізді аштық. Содан бері белсенді саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қатысты бұған дейінгі ұстанымын сақтайды. Мемлекет басшысы бұл келісімдер өңірлік тұрақтылық пен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға жол ашатынын жеткізді.

– Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Ол Қазақстанның толеранттылық пен конфессияаралық келісім бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді.

– Президент мырза, Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екіжақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңейтуге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр, – деді Израиль Президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасты.

Келіссөз қорытындысында тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға және екіжақты серіктестікті жаңа сапалы кезеңге шығаруға келісті.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Израиль Ицхак Герцог Ибраһим келісімдері