«В тиктоке я развлекаюсь»: дәрігердің әрекетіне тұрғындар наразылық білдірді

Бүгін, 15:53 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж ЖИ арқылы жасалды, Arasha.kz

Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында емханадағы жағдай әлеуметтік желіден басталып, тәртіптік кеңес пен сотқа дейін жеткен дауға ұласты, деп хабарлайды Arasha.kz. Тұрғындар дәрігердің желідегі әрекетіне наразылық білдірсе, емхана басшылығы жұмыстан босатудың себебін кәсіби әдеппен түсіндіреді. Ал дәрігердің өзі бұл шешімнің заңдылығына күмән келтіріп отыр.

Ауыл тұрғыны Роза Журкабекованың айтуынша, мәселе TikTok-тағы парақшадан басталған. Оның сөзінше, дәрігердің әлеуметтік желідегі әрекеті пациенттердің құқығына қатысты сұрақ тудырған.

«Біз Целиноргад аудандық емханада болып жатқан жағдайды түсіндіре кетейік. Мен Талапкер ауылының емханасына тіркелгенмін, балаларым да осында емделеді. Біз медициналық көмек алу үшін Ақмолдағы аудандық емханаға да барып, бейінді мамандардың көмегіне жүгінеміз. Көктемде біз мына мән-жайды байқадық: TikTok-та «Доктор Айнур» деген атаумен ашылған парақшада пайдалы контент емес, керісінше емхана қызметкерлеріне, басшыларына агрессиялы, мазақы видеолар түсірілетінін көрдік. Тағы бір видеосында жұмысқа жасырын камерамен, дыбыс жазу құрылғыларымен барғалы отырғанын айтады. Сонда біз пациент ретіндегі құқығымыз сақталмай ма? Дәрігерлік құпия деген бар, біз ондай құқық берген жоқпыз», – дейді ол.

Тұрғынның сөзінше, осыдан кейін ауыл ішінде талқылау басталып, тұрғындар дәрігердің парақшасына пікір жаза бастаған. Алайда жауап ретінде балағат сөздер айтылғанын алға тартады.

«Ауыл тұрғындары арасында осы мәселені талқылай келе көптеген сұрақтар туындады. Біз пікір жазсақ, ол адамдарды ашық «үш әріпке» жібереді. Наурызда е-өтініш арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне, басқармаға, Бас прокуратураға шағым жолдадық. Қалай дәрігер адамдарды боқтайды, ұятсыз сөздерге билейді? Мен ҚР азаматы ретінде шағымдануға құқылымын, себебі ол бізді емдейді. Мен ондай дәрігердің емдегенін қаламаймын», – дейді Р. Журкабекова.

Ол алғашқы жауапта мәселе тәртіптік кеңесте қаралып, ескерту берілгенімен, жағдай өзгермегенін алға тартты. Кейін тұрғындар қайта шағымданып, тәртіптік кеңеске қатысқан.

«Е-өтінішке жауап келгенде, тәртіптік кеңесте қаралып, әңгімелесу жүргізілді деді. Бірақ парақшасында бәрі жалғаса берді. Бізді тәртіптік кеңеске шақырды. Біздің талабымыз – кешірім сұрасын дедік. Бірақ ол «это была озвучка, не собираюсь просить прощения. А в тиктоке я развлекаюсь» деді. Сол үшін тәртіптік кеңестің шешімімен оны жұмыстан босатты. Қазір сот арқылы қайта жұмысқа орналасуға тырысып жатыр екен. Біз оған қарсымыз, мен ол кісіге баруға қорқамын», – дейді ол.

Тағы бір тұрғын Айнагүл Абжанова де әлеуметтік желідегі жауаптарға қатысты шағымын жеткізді.

«Мен де комментарий жазғанда мені де боқтап жіберді. Оны өзім көрген жоқпын, маған таныстарым “сені боқтап жатыр” деп айтты. Мен жазсам, одан тағы да сондай пікірлер алдым», – дейді ол.

Ал емхана директоры Марал Архабаева бұл жағдайға қатысты нақты құқықтық негіз бар екенін айтады. Оның сөзінше, дәрігердің жұмыстан босатылуы кәсіби әдеп нормаларын бұзумен байланысты.

«Осы жағдайға қатысты айқындық енгізіп, емхана мен офтальмолог дәрігер Айнұр Есенжолова арасындағы дауға соңғы нүкте қоюға рұқсат етіңіз. Қоғамдық кеңістікте дәрігердің біліктілігі сәйкес келмегені үшін жұмыстан босатылғаны туралы мәліметтер таралып жатыр, алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді. Менің қолымда соттың ресми шешімі бар, онда қызметкердің кәсіби әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан босатылғаны нақты көрсетілген. Сондықтан объективтілік үшін тек құқықтық құжаттарға сүйену қажет», – деді ол.

Ал дәрігер Айнұр Есенжолова бұл шешіммен келіспейтінін айтып, құжаттағы негіздеме мен айтылған себептің арасында айырмашылық бар екенін алға тартты.

«Емхана директоры Марал Архабаева бейнеролик жариялап, мені жұртты жаңылыстырды деп айыптады. Бірақ құқық саласында мөрі басылған құжатқа сүйенеміз. Менің №855 бұйрығымда Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 4-1 тармақшасы көрсетілген – бұл жұмыс берушінің бастамасы, тәртіптік жаза емес. Егер этикаға қатысты жаза болса, неге бұйрықта тәртіптік бап көрсетілмеген? Төменгі бөлігінде “негіздеме – тәртіптік кеңес хаттамасы” деп жазылған. Бірақ заң бойынша 4-1 тармақша арқылы жұмыстан босатуды тәртіптік рәсіммен жүзеге асыруға болмайды. Бұл – жұмыстан босату тәртібінің бұзылуы», – дейді ол.

Ол сондай-ақ еңбек инспекциясы бұл мәселеде заңбұзушылықтарды көрсеткенін айтып, даудың құқықтық алаңда шешілуі тиіс екенін жеткізді.

«Ақмола облысының еңбек инспекциясы жұмыстан шығару процесіндегі олқылықтарды көрсетті. Сондықтан емхана басшылығын құқықтық алаңға қайта оралуға шақырамын. Бейнероликтер Еңбек кодексін сақтаудың орнын алмастыра алмайды. Алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол бермеу үшін кәсіби заңгердің көмегіне жүгінуге кеңес беремін», – дейді А.Есенжолова.

Қазіргі таңда тұрғындар дәрігердің қайта жұмысқа оралуына қарсы екенін білдірсе, дәрігер жұмыстан босату заңсыз болғанын дәлелдеуге күш салып отыр.

Тэгтер:

Дәрігер жұмыс тик ток