Үй жануарыңызда цифрлы төлқұжат әлі жоқ па?
2025 жылдың наурыз айындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 224 мыңнан астам үй жануары арнайы дерекқорға тіркелген. Енді бұл жануарларға арналған цифрлық төлқұжаттар eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді болды,-деп жазды Anyqtime.kz
Бұл жаңалықты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның корпоративтік коммуникациялар департаменті таратты. Цифрлық құжаттар eGov Mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде қолжетімді.
Барлық ақпарат TABAN деп аталатын үй жануарларын есепке алудың бірыңғай базасынан алынады. Бұл жүйеде жануар туралы толық мәліметтер – микрочип нөмірі, құжатының нөмірі, лақап аты, түрі мен түсі, тұқымы, туған күні, жынысы, ерекше белгілері, тіркелген және нақты тұратын мекенжайы, иесінің аты-жөні мен ЖСН-і көрсетіледі. Сонымен қатар, чиптеу, стерилизация және вакцинацияға қатысты деректер де сақталады.
Цифрлық төлқұжатты қалай көруге болады:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, тіркелу қажет;
- «Цифрлық құжаттар» бөліміне өту;
- «Басқа құжаттар» ішінен «Жануардың төлқұжатын» ашу;
Құжат көрінбеген жағдайда «Құжаттарды жаңарту» батырмасын басу керек.
Цифрлық төлқұжат үй жануары иесіне ветеринариялық клиникаға барғанда, саяхатқа шыққанда, көрмелерге қатысқанда немесе жануар жоғалған жағдайда ақпаратты тез әрі ыңғайлы ұсынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл жүйе жануарларды орталықтандырылған түрде тіркеуге, қаңғыбас жануарлар санын азайтуға және иелерінің жауапкершілігін арттыруға сеп болады.
Жаңа қызмет ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бірлесіп жүзеге асырған.