"Күн бұзылса – баға бұзылады": Депутат такси тарифтерін реттеуді ұсынды
Қазақстандықтар мереке күндері мен қолайсыз ауа райында такси тарифтерінің күрт қымбаттауына жиі шағымданып келеді. Осы мәселені Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов көтеріп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға ресми сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, такси қызметінен түскен табыстың едәуір бөлігі шетелдік платформалардың еншісінде кетіп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жайымбетов еліміздегі көлік қызметтері нарығында дәстүрлі автобекеттер мен қалааралық тасымал көлемі азайып бара жатқанын, ал такси парктері іріленіп немесе банкротқа ұшырап жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, жүздеген мың жүргізуші цифрлық агрегаторларға толықтай тәуелді болып қалған.
«Әрбір төленген жол ақысының тек бір бөлігі ғана отандық жүргізушіге тиеді, қалғаны сыртқы платформаларға кетеді. Мұның салдарынан ішкі қаржы айналымы әлсіреп отыр», – деді депутат.
Ол сондай-ақ қазіргі кезде онлайн такси платформалары 16%-дан бастап, қосымша таксопарктердің комиссиясымен бірге 20%-ға дейін үлес алып отырғанын мәлімдеді.
«Шын мәнінде, бұл қызметтер жүргізушілерді байытып жатқан жоқ. Шетелдік компаниялар ешқандай инфрақұрылым дамытпай-ақ, инвестиция салмай-ақ, елден миллиардтаған теңгені сыртқа шығарып отыр. Мұның өзі экономикалық және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді», – деп мәлімдеді Жайымбетов.
Депутат сондай-ақ такси нарығындағы баға белгілеудің әділетсіз жүйесіне тоқталып, әсіресе мереке немесе ауа райы күрт бұзылған сәттерде тарифтердің негізсіз өсуін сынға алды.
Мәселені шешу үшін депутат бірқатар нақты ұсыныстарын ұсынды:
- Қазақстандық цифрлық қосымшаларды дамытуға қолдау көрсету;
- Елдің бірыңғай цифрлық картасын жасау арқылы инфрақұрылымды қалыптастыру;
- Такси агрегаторлары алатын комиссияны 3–5%-ға дейін шектеу;
- Динамикалық баға белгілеуді нақты шығындармен байланыстырып реттеу.
Жайымбетовтың пікірінше, бұл қадамдар елдегі әділ бәсекелестікті қалпына келтіріп, халықтың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.