«Айла: соғыс қызы» фильмінің шынайы кейіпкері Ким Ын Чжи қайтыс болды

22 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
dzen.ru

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы ауруханада емделіп жатқан Ким Ын Чжи көз жұмды. Ол түріктің «Айла: соғыс қызы» атты фильмі арқылы әлемге танымал болған еді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Ким Ын Чжи 2022 жылы COVID-19 жұқтырып, кейін пневмонияға шалдыққан. Соңғы уақытта деменция диагнозы қойылып, ауруы қайта асқынып, ақыры ажал құшты. Ол Корея Республикасының Ардагерлер және Отан сүйгіштер істері жөніндегі министрлігінің қамқорлығында болып, Инчхондағы Сонгдо Хана ауруханасының қарттар бөлімінде ем алған.

Марқұмның халін Түркияның Оңтүстік Кореядағы елшілігі тұрақты бақылауда ұстаған. Қайғылы хабардан кейін Түркияның Сеулдегі елшісі Мурат Тамер Ким Ын Чжидің үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтты.

Сүлейменмен кездесу кезіндегі Айланың отбасы

Еске сала кетейік, 1950–1953 жылдары болған Корей соғысы кезінде түрік сарбазы Сүлеймен Дилбирлиги соғыс алаңынан кішкентай корей қызын тауып, оны 15 ай бойы өз баласындай бағып-қағып, «Айла» деп ат қойған. Дилбирлиги қызды асырап алмақ болғанымен, жергілікті билік рұқсат бермеген. Кейін ол Түркияға оралып, Айламен байланысы үзілген. Арада ондаған жылдар өткен соң, Сүлеймен 85 жасында Ким Ын Чжимен қайта қауышқан еді.

Сүлеймен Дилбирлиги 2017 жылдың желтоқсанында, 91 жасында көп ағзаның жеткіліксіздігінен көз жұмды.

Тэгтер:

қайтыс болды Айла: соғыс қызы Ким Ын Чжи «Айла. Дочь войны» фильм Сүлеймен Дилбирлиги