Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Ақнәр Хамиттің өліміне қатысты өз пікірін білдіріп, елге беймәлім деректермен бөлісті. Эстрада жұлдызы бұл оқиғаны ауыр қылмыс деп санайды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әншінің айтуынша, Қытайдан келген қандас қыздар арасында тәртіп пен тәрбиені жоғары қоятындар көп. Алайда Ақнәр Хамитке қатысты болған жайт ол ойдан мүлде алшақ.
«Бұл фотода тұрған КИМЭП студенті, небәрі 21 жастағы қызымызды 8-9 ай бұрын өзімен бірге жүрген қыздар ұрып-соғып, қорлап, тонап, ақыры 7-қабаттан итеріп жіберген», – деп жазды ол.
Меруерт Түсіпбаева бұл қылмысқа күдікті ретінде 20-24 жас аралығындағы бірнеше қыздың тартылғанын айтып отыр. Әншінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда марқұм Ақнәрдің анасы әділдік іздеп жүр, алайда тергеу бұл істі «суицид» деп саралап жатқан көрінеді.
«Ашық сот болсын! Халық бұл қылмыстың артында кім тұрғанын білуі керек. Бұлардың беттері тілінсін!» – деп жазды әнші өз парақшасында.
Ол ата-аналарды қыздарының кіммен араласып жүргенін мұқият қадағалауға шақырды. Сондай-ақ марқұм Салтанат Нүкенованың өлімімен параллель келтіріп, мұндай зұлымдықтың жазасыз қалмауы тиіс екенін қадап айтты.