Оқиға Көкшетау қаласындағы микрокредиттік ұйымдардың бірінің кеңсесінде болған. Жұмыс орнында отырған 30 жастағы әйелге күйеуі келіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Жәбірленуші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Қазір күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, әйел ішкі ағзаларынан көп жарақат алып, төрт сағатқа созылған күрделі ота жасалған. Зардап шегуші екі литрден астам қан жоғалтқанымен, жүрекке зақым тимегендіктен аман қалған. Оның барлық ішкі ағзалары тігілген, ал қолына екінші рет ота жасалмақ. Әйел шабуыл кезінде қорғануға тырысып, қолына жарақат алған.
«Науқастың жағдайы тұрақты, бірақ өте әлсіз. Егер бәрі жақсы болса, алдағы бір-екі күнде жансақтау бөлімінен хирургиялық бөлімге ауыстырылады. Қол буындарына зақым келгендіктен, ота екінші кезеңмен травматологтармен бірге жасалады», – деді қалалық аурухананың хирургиялық бөлім меңгерушісі Арман Қапанов.