Қазақстанда Отбасы банкі арқылы бірнеше үй алу қиындай түсті
https://www.facebook.com/profile.php?id=100067732929595

Қазақстанда Отбасы банкі арқылы бірнеше үй алу қиындай түсті

Қазақстанда Отбасы банкінің тұрғын үй несиесі жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер күшіне енбек. Енді екінші үй алу үшін банк алдындағы алдыңғы қарыз толық жабылған соң, азаматтар жаңадан депозит ашып, кемі үш жыл бойы қаражат жинауы тиіс болады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін клиенттер ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеп, сол депозит арқылы келесі үйге де несие рәсімдей алатын. Бірақ жаңа ережеге сай, қарыз жабылғанда шот толық тоқтатылып, келісімшарт бұзылады. Екінші баспана үшін қайтадан депозит ашып, жинақ жасау қажет.

«Біз салымшыларға депозит саны бойынша шектеу қоймаймыз. Бір адам 10, тіпті 20 депозитке дейін ашып, әрқайсысы бойынша жеке-жеке несие рәсімдей алады. Бұл — жабық жүйе. Яғни бір салымшының жинаған қаражаты екіншісінің тұрғын үй алуына бағытталады», — дейді «Отбасы банк» АҚ Банк өнімдерін әзірлеу басқармасының жетекшісі Жанболат Калменов.

Аталған бастаманы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та қолдап отыр. Оның айтуынша, бұған дейін кейбір азаматтар бірнеше ай ішінде қарызын жауып, қайта үй алған. Бұл жаңа салымшылар үшін қолайсыз жағдай туғызған.

«Бір адам үш айда, алты айда несие алып, үйге қол жеткізіп жатса, ай сайын 50–100 мың теңге жинап жүрген басқа азаматтардың еңбегі еш кетпей ме? Банктің қаржы тұрақтылығы да осыған байланысты», – деді депутат.

Бұл өзгерістер 2025 жылдың 2 маусымынан бастап күшіне енеді.