"Шопырын төрге шығарған": Гүлмира Зербай Бейсен Құранбектің қарапайым болмысын еске алды
Коллаж: Anyqtime.kz

"Шопырын төрге шығарған": Гүлмира Зербай Бейсен Құранбектің қарапайым болмысын еске алды

Журналист Дана Нұржігіттің YouTube жобасына сұхбат берген марқұм Бейсен Құранбектің жары Гүлмира Зербай көпшілікке ұмытылмас естеліктерімен бөлісті. Ол өмірлік серігінің кішіпейілділігі мен ерекше адамгершілік қасиеттерін баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.

Гүлмира Зербайдың айтуынша, Бейсен Құранбек қызметіне қарамастан қарапайым болмысынан айнымаған жан болған. Ол «Жетісу» телеарнасын басқарған жылдары ауылдарға іссапармен барған кезде, өзін емес, жасы үлкен жүргізушісін төрге шығаратын көрінеді.

«Менің лауазымым жоғары болса да, сіз үлкенсіз – бата беріңіз», – дейтін ол кісі үлкенге құрмет көрсетудің үлгісін танытатын.

Сонымен қатар, Гүлмира ханым Бейсекеңнің ұжым алдындағы әділдігін еске алды. Бірде арнаға сыйлық ретінде берілген теледидарды кімге беретінін шешу керек болғанда, ол ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан продюсер, редакторлар мен журналистерді емес, аула сыпырушы Берік есімді қызметкерге беруді ұсынған. Бұл шешім көпшілікті таңғалдырғанымен, Бейсекең оның да еңбегін елеп, әділ шешім қабылдаған. «Сендердің темекі тұқылдарыңды кім жинайды? Аула тап-таза болып тұруы – соның еңбегі», – деген бір ауыз сөзі оның әр адамға құрметпен қарайтынын дәлелдеген.

Гүлмира Зербайдың сөзінше, Бейсен Құранбек ешқашан адамды мансабына қарап бағаламаған. Ол басшылықта отырып та, кісілігі мен кішілігін жоғалтпаған тұлға ретінде есте қалған.