«Ғани Бейсембаев, оқу жылын аяқтап, орныңыздан кетіңізші»: Қарасайда мұғалімдер мен ата-аналар наразылық танытты
Алматы облысы, Қарасай ауданында оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалғанда басталған комиссиялық тексеріс қоғамның қызу талқысына түсті. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бойынша барлық мектептерде кешенді бақылау жүргізіліп жатыр. Алайда тексерістің нақты бағыттары мен себептері туралы толық мәлімет берілмеген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Todayinfo сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті белсенділер мен ұстаздар бұл тексерістердің уақытына қарсы наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, ҰБТ мен соңғы қоңырау қарсаңында мектептерге келіп, сауалнама жүргізу, асханаларды аралау оқушылар мен мұғалімдердің мазасын қашырып, сабақты толық өткізуге кедергі келтіруде.
— Бұл не деген бітпейтін комиссия? Екі-үш күннен кейін соңғы қоңырау. ҰБТ болып жатыр. Балалар БЖБ мен ТЖБ тапсырып жатыр. Сіздер тіпті ата-анадан рұқсат алмай сауалнама жүргізіпсіздер. Бұл масқара ғой! — деді наразы болған тұрғындардың бірі.
Ал Астанадан келген жеті адамнан тұратын комиссия тек ескерту жасалып жатқанын, ешкімді жазаламайтындарын айтып ақталғанымен, бұл уәж жұртшылықты қанағаттандырмады.
— Жылдың басында, не жазда келсеңіздер болар еді. Енді оқу жылы бітуге таяғанда келіп, көмектесеміз деу – шын көмектесу емес. Ғани Бейсембаев, аман-есен оқу жылын аяқтап, орныңыздан кетіңізші, — деген сөздер де айтылды.
Желі қолданушылары да бұл жағдайға қатысты белсенді пікір білдіріп жатыр. Кейбірі министрлік тарапынан келетін көмек пен тексерулердің білім сапасын арттыруға емес, тек қысым көрсетуге бағытталып кеткенін айтып, әдістемелік көмек беру орнына сынды ғана естиміз деп күйінді.