"Қайғы үстіндегі сөз: Көңіл айтудың әдебі"

23 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Ашық дереккөзі

Бұл мақала — көңіл айту мәдениетін дұрыс түсініп, оның қыр-сырын білуге бағытталған. Жастардың азалы үйде айтатын жұбату сөздерін білмеуі кейде артық кетіп, жақындардың жүрегін жаралауы мүмкін. Автор өз тәжірибесі арқылы осы мәселені көтеріп, салт пен сана, сөз бен тәрбиенің үйлесімін ұсынады.

Өлген адамның «қалған ғұмырын перзенттеріне берсін» деп көңіл айтуға болмайды

Көңіл айту — қайғы жамылған адамды жұбатып, рухани демеу білдіретін ұлттық салтымыздың маңызды бөлігі. Дегенмен, сол салтымызды берік ұстанамыз деп жүріп, қате сөз айтып, жаралы жанның жүрегін одан сайын жаралап жататын сәттер де бар. Жастардың бәрі мұндай сәттерде не айту керек екенін біле бермейді. Бүгінгі мақаламызда азалы отбасына барғанда қандай сөз айту керек, қандай сөзден аулақ болу қажет екенін сөз етпекпіз.

Сыныптасым Олжастың ағасының қазасына да қырық күн болып қалыпты. Қайтыс болғанда бәріміз қалада оқуда жүргенбіз, көңіл айта алмадық. Қырық күндік асына бару үшін ауылға жиналып жатыр едік.

Көрші тұратын сыныптасым Әсел де төркіндеп келіпті. Оны да ертіп алайын деп үйіне барып, жағдайды айттым. Ол бесіктегі баласын әжесіне тапсырып:
— Қарай тұрыңызшы, мен де сыныптастарыммен бірге Олжастың үйіне кіріп, Құран оқып шығайын, — деді.

Сонда әжесі ашулы үнмен:
— Жап-жас боп не көңіл айту?! Жастар өлімге жиі бара берген соң, жастар өле береді. Азалы үйге үлкендер барады. Үлкендер барып, Құран оқып қайтты ғой. Енді жараның аузын қайта ашып, еске салып қайтесіңдер? — деп ұрсып тастады.

Әженің ренішіне қарамай, Әсел менің жаныма келді. Мен де ыңғайсыздандым. Әжесінің сөзі жүрегімде жаңғырып тұрса да, бірге жүріп кеттік.

Сыныптастардың басын әрең қосып, ақыры Олжастың үйіне кірдік. Қыздар бір бөлмеге, ұлдар бір бөлмеге жайғастық. Анасы мен келіні қайғыдан езіліп отыр екен. Сөз таба алмай отырғанда, Әсел:
— Әпке, ағаның иманы саламат болсын. Жас кетті, амал нешік... Алла жанына жақсы пенделерін алады дейді ғой. Артының қайырын берсін. Қалған ғұмырын балаларына берсін, — деп жұбату сөздерін айта жөнелді.

Ал анасы «Әумин» деп басын изеп отырды. Сол сәтте төрде отырған үлкен әже Құран оқыды.

Кейін дастарқанға шақырылды. Үлкендермен дастарқан басында отырғанымызда, бір әже:
— Қызым, жаңағы сөзіңді енді қайтып айтушы болма. Өлген адамның өмірі қалған жоқ. Ол өз өмірін тауысып кетті. «Қалған ғұмырын перзенттеріне берсін» деу — дұрыс емес әрі ауыр сөз.
Оның орнына «Өлгенге өкінбе, артында қалғанға қайыр тіле», «Жатқан жері жайлы болсын», «Амал дәптері оң жағынан ашылсын» деген сөздермен жұбатыңдар. Жұбату сөз адам жасына қарай да ерекшеленеді. Жастар — енді ертеңгі ел иесі. Осыны біліп жүріңдер. Үйрету — біздің парызымыз, — деді.

Сыртқа шыққанда бәріміз үнсіз едік. Жол бойы әжеміздің, Олжастың үйіндегі апаның айтқандарын санамнан өткізіп, аузымыздан шығатын әрбір сөзге мұқият болу керектігін түсіндім.

Қадірлі оқырман, сіз де біз кеткен қатені қайталамаңыз. Көңіл айту — салт қана емес, адамгершілік үлгісі. Әр сөзіңіз жұбатуға арналсын, жараны тереңдетуге емес.

"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан

Тэгтер:

Өмірден алынған әңгіме Әңгіме Көңіл айтудың әдебі дұрыс көңіл айту жұбату сөздері