Қазақстанда ел ықыласына бөленіп, халықтың сүйікті әншісіне айналғанымен, «Халық әртісі» құрметті атағына ие болмаған өнер иелері аз емес. Бұл есімдер тек кәсіби шеберліктерімен емес, тыңдарманның көңілінен шыққан әндерімен де ел есінде сақталған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Azattyq Rýhy сайты еліміздің ең танымал және сүйікті 5 әншісіне тоқталып, олардың өнер жолындағы жетістіктерін атап өтті.
Нұрлан Өнербаев – ел аузында жүрген «Анашым» әнімен танылған өнер иесі. Бұл әнге 35 жыл толса да, тыңдарман әлі күнге дейін ықыласпен шырқайды. Нұрлан Өнербаевтың айтуынша, бұл туынды халықтың жүрегіне жол тауып, елдік әнге айналған.
Бекжан Тұрыс – театр мен эстраданы қатар алып жүрген санаулы тұлғалардың бірі. 50-ден аса рөлді сомдаған актердің орындауындағы «Амалым қанша», «Бағалым» сынды әндері халық жадында жатталып қалған.
Мейрамбек Бесбаев – тыңдарманға бала күнінен таныс. «Бозторғай» әнімен танылған әнші кейін «МузАРТ» тобын құрып, елдің сүйіктісіне айналды. Ол кейінгі жылдары термелерге ден қойып, рухани бағыттағы туындыларымен де ерекшеленді.
Досымжан Таңатаров – 1997 жылдан бері сахнада. Оның орындауындағы «Құралай», «Жалын кешкен», «Біз екеуіміз» секілді әндері халық жадында сақталып келеді. 30 жыл ішінде жүзге жуық ән жазып, ұлттық музыка қазынасына үлес қосты.
Саят Медеуов – қоңыр үнді әнші. Оның «Өзіңді аңсап», «Сен көріктісің», «Бегімбайдың жыры» секілді туындылары арада бірнеше онжылдық өтсе де тыңдарманның сүйікті әні болып қалды.