Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «КешREC» бағдарламасына қатысып, өмірден өткен жұбайы Қайрат Беркінбаев жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Сұхбат барысында ол күйеуінің артында қалған ұл-қыздары мен олардың болашағы туралы айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Сұлтанқызы ұлдарының әкелерінің жолын қуып, оның ісін жалғастырғанын қалайтынын жеткізді.
«Қайрат кезінде салған балабақша мен мектептер әлі де жұмыс істеп тұр. Сол жерде қызмет етіп жүрген адамдар әлі күнге дейін ризашылығын білдіріп тұрады. Балаларым да сондай құрметке лайық азамат болса екен деймін. Қазір Қайраттың артында қалған төрт ұл мен бір қыз бар. Ол кісі 'енді балаларыма қарап, қызығын көремін' дегенде өмірден өтіп кетті. Кейде әсіресе кенже ұлымнан Қайраттың түр-келбетін, жүріс-тұрысын көріп қаламын», – деді тележүргізуші.
Сондай-ақ ол кенже ұлының да әкесін қатты сағынып жүргенін айтып, жүрек ауыртар жайтпен бөлісті.
«Жақында кешкісін бөлмесіне кіріп едім, менен бұрылып отырды. Сұрақтарыма нақты жауап бермей, бір нәрсені жасырып отырғаны көрініп тұрды. Сөйтсем, телефонынан әкесінің суреттері мен видеоларын қарап, көзіне жас алыпты. Бұрын ондай сезімдерін көрсетпейтін еді. Ол сәт мені қатты толқытты», – деді Сұлтанқызы.
Бағдарлама соңында Ләйлә ханым марқұм күйеуі жайлы естеліктерді көп айтпауға тырысатынын да айтты.
«Жаңа жылдан кейін өзіме уәде бердім — Қайрат жайлы көп айтпауға. Өйткені менен де қиын тағдыр кешіп жүрген адамдар бар. Мен ғана жесір емеспін. Бірақ бір сөзбен айтсам, ер азамат Қайраттай болсын», – деді ол толқып.