«Аш қалмауымды тіледім...» – «Маскадағы адам» баланың арманына қанат бітірді (ВИДЕО)
Мешітте кездестірген баланың тағдырын естіген «Маскадағы адам» 14 жастағы Сержанға пәтер алып беріп, қарызын өтеп берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Сержанның отбасы бұрын бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрып келген. Әкесі көз жанарынан айырылған, анасы денсаулығына байланысты жиі есінен танып қалады, ал әпкесінің ақыл-есі толық дамымаған. 14 жастағы Сержан мектептен бос уақытында жүк тасып, отбасына көмектесіп жүр.
«Нан таба алмай қалған кез – өмірімдегі ең қиын сәт болды. Ең бастысы – ата-анам аман болса екен деп тілеймін», – дейді ол.
Бұл сөздерге бейжай қарай алмаған «Маскадағы адам» бала мен оның отбасының ерік-жігері мен қиын жағдайына жанашырлық танытып, жаңа баспана мен материалдық көмек ұсынған.
Әлеуметтік желі қолданушылары қайырымды азаматтың бұл әрекетіне дән риза болып, жүрекжарды пікірлерін жазып жатыр.
«Жүрегім езіліп кетті. Алла разы болсын», «Сержан – кішкентай болса да, нағыз батыр», «Осындай жандар көбейе берсін!» – деп жазды олар.
Бұл оқиға ел ішіндегі мейірімділіктің үлгісі ретінде Қазнетте кең таралып, жұртшылықтың алғысына бөленді.