Павлодарда сүндеттеу операциясын сәтсіз жүргізіп, 5 жасар баланың денсаулығына ауыр зиян келтірген хирургке сот үкімі шықты. Іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қылмыстық іс дәрігердің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауына байланысты қозғалған. Тергеу барысында баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігі кесіліп қалғаны анықталды. Алайда айыпталушы кінәсін мойындамаған және өзін ақтауды сұраған.
Прокуратура тарапынан 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралса, жәбірленуші тарап ең қатаң жаза қолдануды талап етті. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сот шешім шығару кезінде жаза ауырлататын мән-жайлар болмағанын ескеріп, жеңілдететін жайттар ретінде дәрігердің үш кәмелетке толмаған баласы барын, бұрын сотталмағанын және медициналық көмек көрсеткенін назарға алды.
Сот нәтижесінде хирургке 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, мәжбүрлі еңбекке тарту және белгілі бір міндеттер жүктелді. Сонымен қатар оған 1 жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істеуге тыйым салынды.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.