Qazaq Oil сапасыз жанармай сатты ма? Блогердің шағымына компания жауап берді
Коллаж: Anyqtime.kz

Qazaq Oil сапасыз жанармай сатты ма? Блогердің шағымына компания жауап берді

Белгілі блогер Айдос Қожахметов Qazaq Oil жанармай бекетінен сапасыз бензин құйылғанын айтып, әлеуметтік желіде шу тудырған болатын. Оның айтуынша, "Астана–Көкшетау" тас жолындағы Макинск маңындағы бекеттен отын алғаннан кейін көлігі қалыпты жұмыс істемей, қозғалыс кезінде жұлқына бастаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

TikTok-та жарияланған бейнежазбада ол тек көлігіне емес, жанармай бекетіндегі сервиске де наразылық білдірді. Айтуынша, дүкен сөрелері бос, жолаушыларға арналған тауарлар жоқ.

"Егер моторыңызды бүлдіргіңіз келмесе, бұл бекетке тоқтамаңыз. Бұрын Qazaq Oil жақсы еді, енді мүлдем бақылаусыз қалды", – деді ол видео барысында. Сонымен қатар блогер аталмыш станцияны "Бодяға" деп атауды ұсынды.

Алайда кейін бұл видео TikTok-та жойылды. Qazaq Oil өкілдерінің айтуынша, жағдай блогермен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін шешілген. Компания мәліметінше, оның көлігіне жанармай құйылған C-035 емес, C-044 станциясы болған. Бұл дерек сатып алынған чекті тексеру арқылы расталған.

"Қожахметов мырзаның шағымынан кейін зертханалық сараптама жүргіздік. Нәтижесінде жанармай барлық стандарттарға сай болып шықты. Оқиға бейбіт түрде, құқықтық тетіксіз шешілді", – деді Qazaq Oil қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Әнел Елікбаева.

Блогер болса, бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.