Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп, өтемақы өндіріп алды
dalanews.kz

Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп, өтемақы өндіріп алды

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы азаматтық істі жеңіп шықты. Сот Кемеловтің БАҚ-та айтқан мәлімдемелерін жалған деп танып, моральдық зиян келтіргені үшін өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі

Кемелов 2025 жылдың 14 қаңтарында YouTube-тегі «Айран» арнасына сұхбат беріп, Бишімбаевтардың өзінен мәйітханаға барып, ұлы Қуандықтың мүддесін қорғайтын қорытындыға ықпал етуді сұрағанын, сондай-ақ жалған ақпарат үшін қомақты қаржы ұсынуға дайын болғанын айтқан. Сот бұл мәлімдемелерді шындыққа жанаспайды және ар-намысқа нұқсан келтіреді деп тапты.

Сот шешімі бойынша, Кемелов осы пікірлерін дәл сол арнада ресми түрде теріске шығаруы керек. Сонымен қатар ол Уәлихан Бишімбаев пен Әлмира Нұрлыбековаға әрқайсысына 100 мың теңгеден өтемақы төлейді.

Өкілдік шығындар мен мемлекеттік баждарды қосқанда, Кемелов жалпы 610 мың теңге көлемінде қаржылық шығынды өтеуі тиіс. Бастапқыда талапкерлер әрқайсысы үшін 8 миллион теңгеден – жалпы 16 миллион теңге өтемақы талап еткен еді, бірақ сот бұл соманы қысқартты.

Сот шешіміне бір ай ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.