Дархан Сатыбалды Алматының жаңа әкімі болды
Ақорда

Дархан Сатыбалды Алматының жаңа әкімі болды

Мемлекет басшысының тиісті жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Дархан Амангелдіұлы 1974 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Ақмола ауыл шаруашылығы институтында және Қазақ гуманитарлық заң университетінде білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Келес ауданындағы коммуналдық салада бастаған. Одан кейін Қаржы министрлігі мен Президент әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.

2007-2010 жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігінде басқарушы лауазымдарда болды. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы, Премьер-министр кеңсесінде әлеуметтік-экономикалық бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Сатыбалды, кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Сенат депутаты, Өзбекстандағы Қазақстан Елшісі және 2022 жылдан Түркістан облысының әкімі ретінде қызмет етті.

2025 жылдың қаңтар айында Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып, енді Алматы қаласына әкім болып келіп отыр.