24 мамырға қараған түні шамамен сағат 03:30-да Алматы облысында 11-сынып оқушысы қаза тапты. Бұл оқиға бойынша күдікті ретінде оның екі сыныптасы ұсталып, тергеу амалдары басталған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің мәліметінше, ұсталған екі жасөспірім де оқиға кезінде мас күйде болған. Екеуі де марқұммен бір сыныпта оқыған.
Облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын және сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Білім басқармасына да тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолданды», – делінген департамент мәліметінде.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.