Кемел Тоқаевқа қатысты бұрын-соңды жарияланбаған әскери құжат жарық көрді
farabi.university

Кемел Тоқаевқа қатысты бұрын-соңды жарияланбаған әскери құжат жарық көрді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, жазушы әрі соғыс ардагері Кемел Тоқаев туралы тың әскери дерек ресми түрде жария етілді. Ресейдің Қорғаныс министрлігі ашық қолжетімділікке шығарған бұл құжатта оның Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі егжей-тегжейлі сипатталған. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпараттық танымдық порталы Janabastau.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

Құжатта көрсетілгендей, Кемел Тоқаев 1945 жылдың қаңтар айында Польша аумағында жауға қарсы ұрыста көзсіз ерлік танытып, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

II дәрежелі Отан соғысы ордені
Отан соғысы ордені

Ерлік оқиғасы

1945 жылдың 21 қаңтарында Польшадағы Еглиевец елді мекенінің солтүстік-батысында неміс әскерлері кеңес позицияларына түнгі шабуыл ұйымдастырған. Қиян-кескі ұрыста автоматшылар өз танктерін жанкештілікпен қорғай жүріп, қарсы шабуылға шыққан. Құжатта командир Афанасий Поваровтың баяндамасы негізінде Тоқаевтың жау шебіне алғаш болып енгені, бес жауынгерді атып өлтіріп, біреуін тұтқынға алғаны айтылады. Жаралы жауын тұтқындап келе жатқанда өзі аяғынан жарықшақ тиіп жарақаттанған. Соған қарамастан, ол жаралы тұтқынды атып, өз танкілеріне дейін жетіп үлгерген.

Майдан жолы және жазушылық қызметі

Кемел Тоқаев 1942 жылы майданға шақырылып, бастапқыда 226-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі қызметін атқарған. Кейін жарақат алып, 7-гвардиялық танк полкінде әскери қызметін жалғастырды. Соғыстан кейін ол жазушылық жолды таңдады. Өзінің «Солдат соғысқа кетті» атты кітабында майданның ауыр сәттерін, жауынгерлер бастан өткерген күйзеліс пен батырлықты әсерлі суреттеген.