Сақ болыңыз! 184 миллион аккаунттың логині мен құпиясөзі желіге шығып кетті
https://www.freepik.com

Сақ болыңыз! 184 миллион аккаунттың логині мен құпиясөзі желіге шығып кетті

Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман Джеремиа Фоулер 47 гигабайттан асатын мәліметтер базасының ғаламторда ашық күйде тұрғанын анықтады. Бұл база Apple, Google, Facebook және өзге де ірі платформаларда тіркелген 184 миллионнан астам аккаунттың логині мен құпиясөзі сияқты жеке ақпараттарды қамтыған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Фоулердің айтуынша, бұл мәліметтер базасында пайдаланушылардың аты-жөндері, логиндері, құпиясөздері және белгілі бір сервистерге сілтемелер ешқандай қорғаныссыз сақталған. Деректер Facebook, Google, Instagram, Discord, Microsoft, Roblox, Netflix, PayPal сияқты ірі онлайн қызметтерден алынған. Сонымен қатар Amazon, Apple, Snapchat, Spotify, Twitter, WordPress және Yahoo сервистерінің де қолданушы деректері бар екені хабарланды.

Ең алаңдатарлығы – бұл база тек қарапайым қолданушылардың ғана емес, сонымен қатар 29 елдегі мемлекеттік мекемелерге тиесілі .gov доменіндегі 220 электрондық пошта мекенжайын да қамтыған. Бұл жағдай киберқылмыскерлердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қол жеткізуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Зерттеуші бұл мәліметтер жиынтығын соңғы жылдардағы «ең қауіпті дерекөздердің бірі» деп атады. Оның сөзінше, мұндай көлемдегі ақпарат кибершабуылдарды ұйымдастыруға немесе алаяқтық мақсатта кеңінен қолданылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта базаға кіру бұғатталғанымен, ақпараттың нақты қайдан және қандай жолмен тарап кеткені әзірге белгісіз болып тұр.