"Ер адамға иіліп амандасу керек": Абай университетіндегі қыздарға арналған тәрбие жиыны қоғамда дау тудырды
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірінші курс студент қыздарға арналған арнайы жиын өтті. Шара барысында қыздарға ер адамдармен қарым-қатынас, киім кию әдебі және сөйлеу мәдениеті туралы кеңестер берілген. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпараттық порталы Stan.kz ке сілтеме беріп хабарлайды.
Мұндай жиын туралы ақпарат Qumash Telegram-арнасы арқылы таралды. Студенттердің айтуынша, университет әкімшілігі 40-50 шақты қызды жинап, "Қыз бала ибалы, инабатты болуы керек" деген ұран ілінген залда әртүрлі жастағы ер адамдардың қыз тәрбиесіне қатысты видеоларын көрсеткен.
Бейнежазбаларда ашық киінбеу, қатты сөйлемеу, ер адам көргенде иіліп амандасу секілді әрекеттерге басымдық берілгені айтылған. Сонымен қатар, ұзын белдемше кию мәдениеттілік нышаны ретінде көрсетілген.
Жиын барысында сөз алған аға оқытушылардың бірі батыс қоғамындағы әйелдердің еркіндігіне еліктемеу қажет екенін, бұл құбылыс ЛГБТ сияқты құндылықтардың таралуына әсер еткенін айтқан. Студенттердің кейбірі залдан шығып кеткісі келгенімен, рұқсат берілмегені де айтылған.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, желі қолданушыларының тарапынан сынға ұшырады. Көпшілік "қыздарға ғана емес, жігіттерге де тәрбиелік жиындар өткізіңіздер", "қыздарға ақыл айтуды доғарып, ер азаматтардың жауапкершілігін көтеруді үйретіңіздер" деген пікірлерін қалдырған.
Университеттің баспасөз қызметі жиынның ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Олар мұндай тәрбиелік кездесулердің тұрақты түрде өтіп тұратынын айтты.
“5 мамырда өткен шара – жастардың мәдени-әдептілік санасын арттыруға бағытталған кезекті жиын. Видео материалдар кей қатысушыларға әртүрлі әсер еткені рас. Болашақта мазмұнды іріктеуде мұқият боламыз. Абай университеті – зайырлы оқу орны, студенттердің еркін пікірі мен жеке таңдауына құрметпен қараймыз,” – делінген ресми жауапта.
Университет әкімшілігі студенттердің пікіріне құлақ асуға дайын екенін және ашық диалогқа әрдайым әзір екенін де атап өтті.