"Жүректі қынжылтады": Майра Мұхамедқызы Қытай елінің профессоры атанды
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әлемдік деңгейдегі опера әншісі Майра Мұхамедқызы Қытайдың әйгілі Сиань консерваториясының профессоры атанды. Бұл жаңалығын өнер иесі Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Оның айтуынша, Сиань консерваториясы – 6000-нан астам жас музыкант білім алатын, Қытайдағы жетекші оқу орындарының бірі. Мұнда білім алу – үлкен жетістік, ал профессор атану – кез келген өнер адамы үшін биік мәртебе.
«Бұл — сөзбен жеткізгісіз сезім. Әсіресе, өз еліңде бағаланбай, сырт жерде мойындалу – жүректі әрі қынжылтады, әрі қуантады», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Әнші бұған дейін де Астанадағы «Шабыт» ұлттық өнер университетінде жылдар бойы еңбек еткенін, шәкірттері халықаралық байқауларда жүлде алып жүргенін атап өтті. Алайда, сол еңбегі үшін тіпті алғыс хат та берілмегенін өкінішпен еске алды.
«11 жыл бұрын Қырғыз ұлттық консерваториясында профессор атандым. Ал Астанада қанша тер төксем де, еш марапат болған жоқ. Шүкір, халықтың махаббаты — ең үлкен марапат», — деді ол.
Майра Мұхамедқызы енді Сиань қаласына жылына екі рет барып, жоғары деңгейде шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Оның айтуынша, әр сабағының құны қомақты.
«Құнын айтсам, біреулер күйзеліске түсіп кетуі мүмкін», — деп жазды ол әзіл-шыны аралас.
Айта кетейік, Майра Мұхамедқызы — Париждегі әйгілі «Гранд Операда» өнер көрсеткен алғашқы және әзірге жалғыз қазақ әншісі. Бұған дейін ол Шымкенттегі театрда қызмет етіп жүргенде өзіне қысым көрсетілгенін, кетіп қалуын талап еткендер болғанын да ашық айтқан.