Жақында ғана "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері" атағын иеленген әнші Жарқынай Ханайым қоғамда туындаған пікірталасқа байланысты өз парақшасында алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, оның бұл марапатқа ие болуы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік Жарқынайдың еңбегі мұндай атаққа әлі сай емес екенін жазса, өнердегі әріптестері — Мейрамбек Бесбаев пен Дастан Оразбеков сынды танымал әншілер мұндай марапатты әлі алмағанын алға тартты. Сондай-ақ, әнші Әміре де ренішін ашық жеткізген еді.
Алайда Жарқынай бұл айтыс-тартысқа нүкте қойғысы келетінін айтып, былай деп жазды:
"Көңіл-күйім жақсы сәтінде, соңғы жағдайлар бойынша мені қолдаған барша оқырмандарыма алғысымды айтқым келеді. Айтылған сөз көбейе береді, сөз соңына жетпейді. 'Бақ шаба ма, бап шаба ма' деген бар емес пе?! Бұл жолы бағым жанды деп ойлаймын. Сол үшін ешкімнің алдында ақталуға міндеттімін деп есептемеймін. Өйткені, жердегі әрбір оқиға — Алланың жазуы. Тіпті жапырақтың жерге түсуі де Оның еркімен. Сондықтан мен ақталуға тиісті емеспін. Мен тек жақсы нәрселерге көңіл аударуға ниеттімін. Баршаңызға да соны тілеймін."