28-29 мамыр аралығында Қазақстанға Руанда Президенті Поль Кагаме ресми сапармен келеді. Сапар аясында қос тарап өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылап, бірқатар маңызды келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 мамыр күні Мемлекет басшысы Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Төрағасы Анке Релингермен кездеседі.
Сол күндері – 28-29 мамырда – елордаға Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновская-Давкова және Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленкович жұмыс сапарымен келеді.
29 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына (AIF) қатысады. Форум аясында халықаралық ұйымдар мен жетекші компаниялар басшыларымен, сондай-ақ бірқатар ресми делегация өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.
30 мамырда елімізге Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ресми сапармен келеді. Осы күні «Орталық Азия – Италия» форматындағы тұңғыш саммит өтпек. Ауқымды шараға өңірдегі елдер басшылары қатысады.
Аптаның соңында, 31 мамыр күні, Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараға қатысады.