Шерзат Болатқа қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінде қорғаушылар тобының ішінде келіспеушілік туындап, адвокат Бағдат Амандосұлы өз еркімен істен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қорғаушылар құрамында белгілі адвокат Мейірман Шекеев жетекшілік етіп келген. Алайда соңғы кездері топ ішінде пікір қайшылығы күшейіп, кейбір адвокаттардың шеттетілуіне себеп болған. Бұл туралы Бағдат Амандосұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
«Мен бұл іске жауапкершілікпен келдім. Бірақ біреудің көлеңкесінде қалып, тек сырттан бақылаушы болғым келмейді. Аптасына екі рет сотта отырамын, қалған күндері дайындықпен айналыстым. Бірақ менің жұмысым еленбей, кей әріптестеріммен бірге шеттетілдім», — дейді адвокат.
Ол сот алаңының шоу емес екенін, мұнда адам тағдыры шешілетінін баса айтты. Адвокаттың айтуынша, бұл істе жеке амбиция мен бедел қуалау үстем болып кеткен. «Жұрт алдына тек мен шығамын», «тек мен ғана сөйлеймін» деген талаптар кәсібилікке жатпайды деп есептейді ол.
Бағдат Амандосұлының айтуынша, бұған дейін де адвокаттар Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраев қорғаушы құрамынан алынып тасталған.
«Бұл істі халық бақылап отыр. Мен сол сенімді ақтағым келді. Бірақ мен хайп үшін емес, әділет үшін келгенмін. Біреудің абыройын көтеру үшін емес», — деп түйіндеді адвокат.
Ол нақты кім тарапынан шеттетілгенін ашып айтпады. Дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды қорғаушылар тобының жетекшісімен байланыстырып отыр.