Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Майра Тұрғанбайқызы Мелдебекова оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа вице-министр 1971 жылы дүниеге келген. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі.
Еңбек жолын 1988 жылы пионер лагерінде тәрбиеші болудан бастаған. 1993 пен 2005 жылдар аралығында Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы бірнеше мектепте мұғалім, директордың орынбасары және мектеп басшысы қызметтерін атқарған.
2005 жылдан бастап білім саласындағы мемлекеттік қызметке бет бұрған: Білім және ғылым министрлігінде түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарда болған. 2018-2020 жылдары Қызылорда облысының білім басқармасын басқарса, кейіннен министрліктің мектепке дейінгі және орта білім беру комитетін, сапаны қамтамасыз ету комитетіндегі орынбасарлық қызметтерді атқарған.
Соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары ретінде жұмыс істеді. Енді осы саладағы тәжірибесін бірінші вице-министр ретінде жалғастырмақ.