«Намаз оқып, қайта боқтады»: Ақнәрдің құрбысы оқиғаның шындығын айтты (ВИДЕО)
Коллаж: Anyqtime.kz

«Намаз оқып, қайта боқтады»: Ақнәрдің құрбысы оқиғаның шындығын айтты (ВИДЕО)

Алматыда биыл жазда терезеден құлап көз жұмған Ақнәр есімді бойжеткеннің құрбысы болған Дидар есімді азамат Руслан Өтепбайға эксклюзив сұхбат берді. Аталған сұхбат Ruslan Otepbay YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ALASH.KZ сайтына сілтеме жасап.

Дидар — этникалық қазақ, Қытай Халық Республикасынан келген қандас. Оның айтуынша, бұл іске байланысты өзіне түрлі қоқан-лоққы хаттар келіп жатқандықтан, бет-жүзін көрсетуден бас тартқан.

«Он айдан бері үндемедім. Заңға сендім. Егер бұл іс қоғамда резонанс тудырмағанда, сұхбат бермейтін едім. Ақнәрмен 4 жылдан бері араласып келеміз. 2021 жылы KIMEP университетінің жатақханасында бірге тұрғанбыз. Ранамен де сол кезден бері таныспыз. Менің жасым – 25, Ақнәр – 23, Рана – 21-де. Біз жиі кездесіп, ақылдасып, бірге уақыт өткізетінбіз», – деді ол.

Қайғылы оқиға орын алған күні бойжеткендер Дидардың «Amir» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне келген. Ақнәр қара шай ішейік деп бірінші өзі хабарласыпты. Келесі күні қайта кездесуге шақырып, бұл жолы алкоголь ішуді ұсынған. Дидардың сөзінше, өзі тек сыра ішкен, ал Ақнәр де аздап ішімдік ішкенін нақты айтты.

«Үшеуіміз бірге ән тыңдап, би биледік, тамақтандық. Түнгі сағат 1:45-те Ақнәр кенеттен теледидарды сындырып, жылай бастады. 2 миллион теңге қарызы барын айтып, қатты күйзеліске түсті. Одан кейін өз-өзін ұрып, екеумізге де қол жұмсады. Бізге жолатпай, шапалақпен ұрды. Рананың марқұм анасын балағаттап, артынша намаз оқып, қайта боқтай бастады. Біз оны ұрған жоқпыз. Ақнәр бәрін өзі істеді», – дейді Дидар.

Сұхбат барысында оқиғаға байланысты бұрын жарияланған видео және жаңа жазбалар көрсетілді. Онда Ақнәр кәлима айтып жатқаны, сондай-ақ өзін-өзі соққыға жыққаны көрсетілген. Тағы бір аудиожазбада Ақнәр Рананың шашын жұлып, оны қылқындырмақ болғаны айтылды.

«Қатты қорықтым. Видеоны түсіруге үлгермедім. Бірақ әпкесіне дереу хабарласып, мекенжайды жібердім. Сосын 02:43-те жедел-жәрдем мен полиция шақырдым», – деп еске алады Дидар.

Оның айтуынша, тергеу органдары істі толыққанды зерттемей отыр. Терезеден құлаған кезде Ақнәрдің тырнақтары сынған болуы мүмкін. Барлық видео дәлелдерді өзі түсіріп, марқұмның туыстарына жолдағанын да атап өтті.


🔗 Осы тақырыптағы жаңалықтар: Марқұм Ақнәр Гүлстанның өлімі, сот ісі жайлы ақпараттар