«Қазақтардың мемлекеті де, жазуы да болмаған»: Ресейлік қазақ қызының пікірі дау тудырды
freepik.com

«Қазақтардың мемлекеті де, жазуы да болмаған»: Ресейлік қазақ қызының пікірі дау тудырды

Желіде кезекті чат-рулетка видеосы пайда болып, көпшіліктің ашуын туғызды. Бұл жайт украиналық блогер мен ресейлік қазақ қызының арасындағы диалогында айтылды, деп жазады Anyqtime.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме беріп.

«Мемлекет болмаған» деп айтқан кім?

Самарада тұратын, ұлты қазақ әйел "қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған", тіпті жазу-сызу да болмаған деп сенімді түрде айтып отыр. Қызығы, бұл әйел — мұғалім.

«Біз көшпенді халықпыз. Қайдағы мемлекет, қайдағы жазу? Егер хандық болса, орыстар қайда жүр еді? Олар жаулап алушы ма? Жарайды, бірақ олар үлкен мемлекет құрып кетті ғой. Мен Ресейде туып-өстім — бұл менің Отаным. Қазақ тілінің байлығы мен жазуына таңғалам», — дейді ол.

Блогер Андрей Попик қазақ халқының мемлекеттілігі мен жазу мәдениеті ғасырлар бұрын қалыптасқанын, Қазақ хандығының тарихын дәлелдеуге тырысқанымен, әйел өз ойын өзгертпеді.

Мұның астарында не жатыр?

Бұл пікір кездейсоқ айтылып отырған жоқ. 2014 жылы Қырым аннексияланған кезде, Владимир Путиннің өзі:

«Назарбаевқа дейін қазақтарда мемлекеттілік болмаған», — деген.

Осыдан соң Ресей саясаткерлері жиі «жер сыйлығы», «Ресей жері» деген тақырыпты қозғап келеді. Мысалы, Мемдума депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстанның қазіргі шекарасын "КСРО-дан заңсыз шықты" деп сипаттап, "территорияны қайтару" жайлы ашық айтып жүр.